Кеше шығармашылық топ аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №11 өрт сөндіру бөліміне атбасын бұрдық. Онда бөлімдердің күн тәртібімен, тыныс-тіршілігімен және өрт сөндіру автокөліктері мен өрт сөндіру жарақтары, өрт сөндірушілердің арнайы киімдерімен таныстық. Сондай-ақ бөлімдегі барлық өрт-техникалық құралдармен қалай және қандай жағдайда жұмыс жасайтыны жайында ақпаратқа қанықтық. Ауданның төтенше жағдайлар бөлімі құтқарушылары қарлы боранда да, қатты желде де, аптап ыстықта да, жалпы кез келген жағдайда тұрғындарға әрқашан көмектесуге дайын екеніне тағы мәрте көз жеткіздік. Жауапты да күрделі мамандық иелерінің жұмыс күндері туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Еркін Назарқұлов сұхбат аясында айтып берді.
– Еркін Есетұлы, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қауіптің алдын алу бойынша өз тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мен 2023 жылдың 5 қазанынан бастап Жалағаш ауданы төтенше жағдайлар бөлімі бастығының лауазымына тағайындалдым. Жалпы аудан гарнизонының штат бойынша қырыққа жуық қызметкер бар. Оның ішінде төтенше жағдайлар бөлімінде 4, №11 өрт сөндіру бөлімінде 35 қызметкер жұмыс істейді.
Биыл 9 айда аудан аумағында 41 төтенше жағдай тіркелді. Оның 39-ы техногенді төтенше жағдай болса, 2-еуі – табиғи төтенше жағдай. Жыл басынан бері төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жоспарлы 3 рет комиссия отырысы өткізілді. Онда 10 өзекті мәселе қаралып, 32 жауапты тұлғаға тапсырмалар берілді. Нақтырақ тоқталсам, қыс, көктем мезгілінде аудан аумағына қарасты Сырдария өзені мен Қараөзек арнасы арқылы келетін мол суды қауіпсіз өткізу және су тасқынының алдын алу жұмыстары, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алуға байланысты дәрілеу-залалсыздандыру жұмыстары, мемлекеттік орман қоры алқаптарында өрттің алдын алу және болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстар пысықталды. Сондай-ақ жаз мезгілінде суға шомылу маусымында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары, жылу беру маусымында білім, денсаулық және әлеуметтік нысандардың дайындық жұмыстары, аудан аумағында жеке тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігінің ереже талаптарын сақтау мен көмірқышқыл газынан улану фактілерінің алдын алу, аудан көлеміндегі егін жинау науқаны кезіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар қаупі туындаған уақытта аудан халқын хабардар ету мақсатында құлақтандыру жүйесінің жай-күйі және т.б. мәселелер туралы тапсырмалар берілді.
– Бөлім қызметкерлері тек апатты оқиға орын алған жағдайда ғана әрекет етіп қоймай, күнделікті өмірде де жұмыстарыңыз қауырт болар, сол туралы айтып берсеңіз…
– Біздің бөлімнің қызметі ең алдымен төтенше жағдайлардың алдын алуға және болдырмауға бағытталған. Мысалы, жарнамалық іс-шаралар, акциялар, флешмобтар, бұқаралық ақпарат құралдарына шығу сияқты шаруалар жетерлік. Қазір жылу маусымы басталды, жеке үйлер мен ғимараттар көгілдір отынға қосылған. Қыс мезгілінде пеш, газ құрылғыларынан шыққан ақаулардан жиі оқыс оқиға орын алып жатады. Ал біздің мамандар барлығын алдын ала болжауға міндетті. Егер қытымыр қыста немесе боранда біреу жолда қиындыққа тап болса, біз көмектесуге бар күшімізді саламыз. Көктем басталса, су тасқынының алдын алу мақсатында тағы да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға арықтарды тазалап, аулаларындағы қарды уақытында шығаруды ескертеміз.
Соңғы уақытта әлемде орман өрті өршіп тұр. Сол себепті өрт қаупі бар аумақтарды қатаң бақылауға алып, қураған ағаштар мен былтырғы шөптерді, тағы басқа осы секілді дүниелерді жою қажет екенін еске саламыз. Сонымен қатар біз орман шаруашылығы мамандарымен де белсенді түрде бірге жұмыс істейміз. Жазда егіс алқаптарында өрт қаупі төніп жатады. Мұндай күтпеген жағдайларды алдын ала болжап, дер кезінде ауыздықтап, тез арада жоюымыз керек. Қорыта айтқанда, біздің жұмысымыз жылдың төрт мезгілінде де қызу қайнап жатады.
– Өңірде өрттер жиі тіркеле ме? Өртке қарсы қандай жұмыстар атқарылуда?
– 2023 жылы 9 айда аудан бойынша 38 өрт оқиғасы есепке алынды. Тіркелген өрттерді талдау барысында өрт объектілері 4 есеге көбейген, автокөліктерде 6, тұрғын үй секторларында 19 өрт орын алып, былтырмен салыстырғанда 13 пайызға азайды. Биыл орман өртіне байланысты 7 оқиға тіркелді. Өкінішке орай биыл 1 аудан азаматы өрттен қаза болды, өрттен жарақат алғандар тіркелмеді.
Өрттің шығу себептеріне келсек, жылыту пеші мен электр желілерінің ақауынан, газ плита үстінде дайындап жатқан асты бақылаусыз қалдырудан, отпен абайсыз болудан, өшірілмеген темекі тұқылын тастауынан орын алып жатады. Осы орайда қатаң шаралар қаралып, өрт оқиғасына себеп болған 40 тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылык туралы кодексіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Прокуратураның қаулысына сәйкес тағайындалған тексеру нәтижелері бойынша 3 шара, яғни «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесі басшысына лауазымды тұлға ретінде 86 250 теңге айыппұл салынды, сондай-ақ аудандық ауруханаға және «Ақтерек» сауықтыру лагеріне заңды тұлға ретінде «ескерту» шаралары көрілді. Қалған өрт немесе өртке жатпайтын жану оқиғалары бойынша 36 ескерту шарасы қаралды.
– Түрлі апаттық жағдайлар орын алғанда халық соған дайын болу үшін аудан бойынша қандай оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде?
– Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудан бойынша бірқатар іс-шара жүзеге асырылуда. Мәселен, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетіне 25 мақала, атап айтқанда, мұздағы қауіпсіздік 5, суға шомылу маусымы бойынша 20 мақала жарияланды, әлі де жариялануда. 4 рет бейнетүсірілім жасалды, әлеуметтік желілерге орналастырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің әлеуметтік желісінде және ауданның «Facebook», «Instagram» парақшаларында 189 мақала жарық көрді. Сондай-ақ дауыс күшейткіш арқылы халыққа өрт, судағы қауіпсіздік және төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 384 рет түсіндірме ақпарат оқылды. Сонымен қатар №11 өрт сөндіру бөлімшесімен кезекшіліктен тыс жеке құрамымен әр аптаның сенбі күндері жеке тұрғын секторда 6 128 тұрғын үйдің 29 483 тұрғынына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұнан бөлек аудан бойынша азаматтық қорғау оқу-жаттығулар жоспарына сәйкес биыл 91 оқу-жаттығу өткізілді.
– Өрт сөндіруші қызметкерлерінің өртті ауыздықтауы үшін қажет өртке қарсы су көздерінің, яғни өрт гидранттарының жағдайы қалай, бақылауда ма?
– Иә, апат айтып келмейді, біз бәріне дайын болуымыз керек. Ауданда барлығы 704, кентте 163 өрт гидранты орналасқан. Бүгінде барлығы жарамды күйде, толық бақылауымызда.
Бізде электронды карта да бар, яғни бір жерде өрт оқиғасы орын алса, соған жақын қай маңда өрт гидранты бар, соны анықтап береді. Бұл бір жағынан орын алған өртті дер кезінде ауыздықтауға мүмкіндік береді.
– Аудан орталығынан шалғай елді мекендерді өрттен қорғау мақсатында және орман, дала өрттері бойынша жергілікті атқарушы органдармен атқарылған жұмыстар бойынша кеңінен тоқталсаңыз…
– Аудан көлемінде мемлекеттік орман қоры 769 482 гектарды құрайды. Жалпы аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің 2023 жылға жоспарланған 660 шақырым ескі минералды жолақтары толық жаңартылды. Сондай-ақ биыл аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесіне 1 АЦ-5-40 Урал маркалы өрт сөндіру автокөлігі алынды. Орман қоры аумағында жергілікті атқарушы органдары мен аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары бірлесіп, күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар Қаракеткен, Бұқарбай батыр ауылдық округінен өрт сөндіру бекеттері ашылды.
– Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік маңызы бар нысандармен, мәселен, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы ұйымдармен қалай бірге әрекет етесіздер?
– Біз аудандағы барлық әлеуметтік маңызы бар нысандармен, оның ішінде білім беру, медициналық, балабақша, халыққа қызмет көрсету мекемелерімен тығыз байланыста боламыз. Бұл мәселе аталған мекемелерді тексеру кезінде талқыланады. Өрт кезінде түрлі қызметкерлер өзін қалай ұстауы керек, яғни жұмысты тоқтату, өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шұғыл түрде іс-әрекеттерді орындау, мұның бәрі жаттығулар кезінде алдын ала пысықталады. Білім беру орындарына келсек, балабақшалар мен мектеп мұғалімдеріне және балаларға қауіп төнген жағдайда қалай әрекет ету керектігі нұсқауда көрсетілген. Жазда апаттық баспалдақты қалай пайдалану және түтін болған кезде балаларды көшеге шығару сынды жұмыстарды көрсетеміз.
Біз климатты ескере отырып, қыста балалар қалай эвакуацияланатынын да зерделейміз. Осының барлығын төтенше жағдайлар кезінде алдын ала үйретеміз, ол үшін жылдың кез келген мезгіліне қарамастан қызметкерлермен кездесулер, тәжірибелік жаттығулар ұйымдастырылады. Сондықтан қызметкерлерді үй-жайдан шұғыл эвакуациялау үшін әрқашан үйретіп отыру керек.
– 19 қазан – Құтқарушылар күні. Бұл датаның сіздер үшін маңызы қандай?
– Әріптестерім қандай қиыншылыққа тап келсе де, өз ісін абыроймен атқаруға бар ынтасымен кірісуде. Қандай қайғылы, қасіретті оқиға болсын бар күш-жігерін салып, құтқару жұмыстарын жүргізіп жүрген құтқарушылардың осы мереке күні жұмыстарына табыс, жанұяларына амандық және зор денсаулық тілеймін. Әріптестерімнің үлкен еңбегі құтқарған адамдардың алғысымен бағаланып, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне сеп болады деп сенемін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!